Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң әдеп кодексi

 

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң 
2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен 
бекiтiлген

Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң әдеп кодексi

(Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдеп қағидалары)

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады және мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-әдептiлiк бейнесiне жоғары талаптар қояды.

      Қоғам мемлекеттiк қызметшi өзiнiң барлық күш-жiгерiн, бiлiмi мен тәжiрибесiн өзi жүзеге асыратын кәсiби қызметiне жұмсайды, өзiнiң Отаны — Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрi адал қызмет етедi деп сенедi.

      Мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтауға және оны дәйектi түрде жүзеге асыруға тиiс.

      2. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң осы әдеп кодексi (Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдеп қағидалары) (бұдан әрi — Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметi туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептiлiк нормаларына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-әдептiлiк бейнесiне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мiнез-құлқының негiзгi стандарттарын белгiлейдi.

      Кодекс халықтың мемлекеттiк органдарға сенiмiн нығайтуға, мемлекеттiк қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетiн қалыптастыруға және мемлекеттiк қызметшiлердiң әдепсiз мiнез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

      3. Мемлекеттiк органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда — орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгiленген тәртiппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкiлеттiктерi жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе аталған лауазымды адамдар болмаған жағдайда — орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын, осы Кодекстiң мәтiнiн мемлекеттiк органдардың ғимараттарындабаршаға көрiнетiндей жерде орналастыруды қамтамасыз етедi.

      4. Мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк қызметке тұрғаннан кейiн үш күн мерзiмде осы Кодекстiң мәтiнiмен жазбаша нысанда таныстырылуға тиiс.

2. Мiнез-құлықтың жалпы стандарттары

      5. Мемлекеттiк қызметшiлер:

      1) Қазақстан халқының бiрлiгi мен елдегi ұлтаралық келiсiмдi нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттiк және басқа тiлдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлерiне құрметпен қарауға;

      2) адал, әдiл, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептiлiк нормаларын сақтауға, азаматтармен және әрiптестерiмен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептiлiк танытуға;

      3) өздерi қабылдайтын шешiмдердiң заңдылығы мен әдiлдiгiн қамтамасыз етуге;

      4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын шешiмдердi қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге;

      5) мемлекет мүддесiне нұқсан келтiретiн, мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеу тиiмдiлiгiне кедергi жасайтын немесе тиiмдiлiгiн төмендететiн iс-әрекеттерге қарсы тұруға;

      6) қызметтiк мiндеттерiн тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;

      7) өзiнiң iс-әрекетiмен және мiнез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшiн қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшiлiктердi жою мен өзiнiң қызметiн жақсарту үшiн пайдалануға;

      8) жеке сипаттағы мәселелердi шешу кезiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, мемлекеттiк қызметшiлер мен өзге де адамдардың қызметiне ықпал ету үшiн өзiнiң қызметтiк жағдайын пайдаланбауға;

      9) шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратпауға;

      10) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi, автокөлiк құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиiмдi және тек қызметтiк мақсатта ғана пайдалануға;

      11) қызметтiк тәртiптi бұлжытпай сақтауға, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиiмдi пайдалануға;

      12) мемлекеттiк қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауға, мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердiң тұтынушысы ретiнде толығымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға;

      13) жасағаны үшiн заңнамада тәртiптiк, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен терiс қылықтарды жасауға жол бермеуге;

      10) iскерлiк әдептi және ресми мiнез-құлық қағидаларын сақтауға тиiс.

      Мемлекеттiк қызметшiлердiң сырт келбетi олардың қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мемлекеттiк аппараттың беделiн нығайтуға ықпал етуге, iскерлiкпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетiн жалпы қабылданған iскерлiк талаптарына сай болуға тиiс.

      6. Мемлекеттiк қызметшiлер қызметтiк жағдайларын және онымен байланысты мүмкiндiктердi қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерiне, оның iшiнде өзiнiң оларға көзқарасын насихаттау үшiн пайдаланбауға тиiс.

      Мемлекеттiк қызметшiлер, оның iшiнде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз дiни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшiлердi қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметiне қатысуға мәжбүрлей алмайды.

3. Қызметтен тыс уақыттағы мiнез-құлық стандарттары

      7. Мемлекеттiк қызметшiлер қызметтен тыс уақытта:

      1) жалпы қабылданған моральдық-әдептiлiк нормаларын ұстануға, қоғамға жат мiнез-құлық, оның iшiнде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершiлiкке нұқсан келтiретiн масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;

      2) қарапайым болуға, тиiстi көрсетiлетiн қызметтердi алу кезiнде өзiнiң лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;

      3) өз тарапынан қоғамдағы адамгершiлiкке, тәртiпке және қауiпсiздiкке қол сұғушылыққа әкелетiн заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттердi жасауға тартуға жол бермеуге тиiс.

4. Қызметтiк қатынастардағы мiнез-құлық стандарттары

      8. Мемлекеттiк қызметшiлер әрiптестерiмен қызметтiк қарым-қатынасы кезiнде:

      1) ұжымда iскерлiк және тiлектестiк өзара қарым-қатынасты әрi сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;

      2) басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан қызметтiк әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнiнде өзге шаралар қабылдауға;

      3) ұжымда әрiптестерiнiң ар-намысы мен абыройына кiр келтiретiн жеке және кәсiптiк қасиеттерiн талқылаудан аулақ болуға;

      4) әрiптестерiнiң өз лауазымдық мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн әрекеттерге (әрекетсiздiкке) жол бермеуге мiндеттi.

      9. Басшылар қарамағындағы қызметшiлермен қарым-қатынас кезiнде:

      1) өзiнiң мiнез-құлқымен бейтараптықтың, әдiлдiктiң, риясыздықтың, жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына құрметпен қараудың үлгiсi болуға;

      2) меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерiн шешу кезiнде туыстық, жерлестiк және жеке басына берiлгендiк белгiлерi бойынша артықшылық көрсетпеуге;

      3) олардың қызметiнiң нәтижелерiн бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезiнде әдiлдiк пен объективтiлiк танытуға;

      4) еңбектi, денсаулықты қорғауға, тиiмдi қызмет ету үшiн қауiпсiз және қажеттi жағдайларды жасауға, сондай-ақ қызметшiлердiң ар-намысы мен қадiр-қасиетiн кемсiтушiлiктiң және қол сұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған шараларды қабылдауға;

      5) қызметтiк емес сипаттағы мәселелердi шешу кезiнде олардың қызметiне ықпал етуге өзiнiң қызметтiк дәрежесiн пайдаланбауға;

      6) құқыққа қарсы қылықтарды, сондай-ақ жалпы қабылданған моральдық-әдептiлiк нормаларына жат қылықтарды жасауға мәжбүрлемеуге;

      7) оларға қатысты негiзсiз айыптауларға, дөрекiлiк, қадiр-қасиетiн қорлау, әдепсiздiк және орынсыз мiнез-құлық фактiлерiне жол бермеуге тиiс.

      10. Төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттiк қызметшiлер:

      1) басшылардың тапсырмаларын орындау кезiнде тек объективтi және шынайы мәлiметтердi ұсынуға;

      2) өздерiне мәлiм болған қызметтiк әдеп нормаларының бұзу жағдайлары және мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылықтар туралы басшылыққа және әдеп жөнiндегi уәкiлге дереу хабарлауға;

      3) басшының заңды тапсырмаларын орындауға кедергi келтiретiн әрекеттердi (әрекетсiздiктi) болдырмауға;

      4) басшылыққа қатысты жеке берiлгендiкке, олардың қызметтiк мүмкiндiктерi есебiнен пайда және артықшылықтар алуға ұмтылуға жол бермеуге тиiс.

5. Көпшiлiк алдында, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарында

сөйлеумен байланысты мiнез-құлық стандарттары

      11. Мемлекеттiк орган қызметiнiң мәселелерi бойынша көпшiлiк алдында сөйлеудi оның басшысы немесе мемлекеттiк органның бұған уәкiлеттiк берiлген лауазымды адамдары жүзеге асырады.

      Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк қызметтiң беделiне нұқсан келтiрмей, пiкiрсайысты сыпайы нысанда жүргiзуге тиiс.

      12. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк саясат және қызметi мәселелерi жөнiндегi өз пiкiрiн, егер ол:

      1) мемлекет саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес келмесе;

      2) жариялауға рұқсат етiлмеген қызметтiк ақпаратты ашатын болса;

      3) мемлекеттiң лауазымды адамдарының, мемлекеттiк басқару органдарының, басқа да мемлекеттiк қызметшiлердiң атына әдепке жат сөздер айтудан тұрса, көпшiлiк алдында бiлдiруiне болмайды.

      13. Мемлекеттiк саясатты жүргiзумен, мемлекеттiк органның және мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметiмен байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органның атынан жарияланымдарына жол берiлмейдi. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттiк қызметшi жеке тұлға ретiнде тек өз атынан жүзеге асыра алады.

      14. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiн жасаған деп көпшiлiк алдында негiзсiз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бiр ай мерзiмде оны терiске шығару жөнiнде шаралар қолдануға тиiс.